Пандемия басталғалы бері көптеген қазақстандықтар үй жайларынан айырылып қалды. Бұл жұмыстағы қысқартулар мен халықтың жалақысын уақытылы алмауына байланысты. Кезекті онлайн жиналыста осы және өзге де ауқымды мәселелер талқыланды.
Конференция тақырыбы - «COVID-19 пандемиясының Қазақстандағы тұрғын үй құқығына әсері». Баяндама авторлары Қазақстандағы парламентаризмның даму қорының президенті Зауреш Батталова, осы қордың құқық қорғаушысы Алишер Қожағұлов және басқа да мамандар.
Конференция барысында пандемия кезінде тұрғылықты жерінен айырылып қалған адамдар және отбасылар туралы сөз қозғалды.
- Біз ұсынып отырған тұрғын үйге қатысты жаңа заңнамада халыққа тегін үй беру қарастырылған. Немесе азаматтар үйге кезекте тұрса, ол кезек міндетті түрде сақталуы керек. Қазіргі заңнамаға талай түзету енгізу керек екенін барлығымыз білеміз, - деді Алишер Қожағұлов.
Нұр-Сұлтан, Алматы және республикалық маңызы бар қалаларда коронавирус кезінде тұрғындар пәтер ақысын төлей алмай қиналғаны талқыланды.
Мысалға алатын болсақ, жалдамалы пәтер иелері жұмысынан қағылған тұрғындардан үйді босатуларын талап еткен. Ал, жаңа заңнамада тұрғындардың құқығы қорғалып, жалға берушілерге мемлекет тарапынан субсидия төленсе дейді.
Шын мәнісінде көптеген пәтер иелері жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Сол себепті олар тұрғындардан бір түн ішінде пәтерді босатуды талап етіп отыр.
Ал, парламентаризм қорының қызметкерлері ұсынып отырған жаңа заңнама осы минустарды қарастырған. Егер де пәтер жалдаушы ақыны төлей алмаса, мемлекет оған қаражат төлеуі қажет.
Конференция барысында тағы бір талқыға түскен мәселе, мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін берілуі тиіс пәтерлер.
Мамандардың айтуынша, бір үйде мүмкіндігі шектеулі бала болса, оған бөлек бөлме қарастырылу керек. Ұл мен қыз бала да бір бөлмеде ұйықтамағаны дұрыс.
Зауреш Батталованың айтуынша, олар ұсынып отырған жаңа заңнамада барлық мәселе жан-жақты қарастырылып, үкіметке міндетті түрде жіберілетін болады.
- Тұрғын үйге байланысты қабылданып не осыған дейін өзгертулер талай енгізілген заңнаманы түзету керек. Осыған қыруар қаржы бөлінді. 11 бапта көрсетілгендей әрбір азамат жағдайын жақсартуға құқылы. Мемлекет әлеуметтік көмекті қажет ететін тұлғаларға қол ұшын беруі керек, - деді Зауреш Батталова.
Коронавирус басталмай тұрып та, елімізде осы проблемалар болған. Тұрғын үй және өмір сүру үшін қажетті тауарларды халықтың қалтасы көтеретіндей ету қажет.
Елімізде орта есеппен 43% халық - баспанасыз. Бұл азаматтар пәтер сатып алуға қауқарсыз. Қаражаттың жоқтығынан, еңбек ақының қажетті мөлшерде төленбейтінінен.
Күн санап пәтер бағасы қымбаттап келеді. Халық оны сатып ала алмайтындықтан, жалдауға мәжбүр.
Ал, жалға берушілердің көбі пәтерін жеке кәсіпкер ретінде өткізбейді. Себебін өзіңіз де білесіз...