Жыл жылыстап, ай соңынан ай келетіні сияқты, тағы да желтоқсан айы келді.
Бұл күн біреулер үшін осы күнді көре алмаған боздақтарды еске алатын мұңлы күн болса, енді біреулер үшін сөлпекбай алатын күн.
1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы сол кездегі Брежнев алаңына шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш те ұлттық намыстан шыққаны сөзсіз. Желтоқсан оқиғасы ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды.
Желтоқсан оқиғасының шығу себебін еске түсіре кетсек артық болмас. 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өте шыққан Қазақстан Орталық Комитетінің кезекті Пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, сол кездегі индустриялық, аграрлық Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика Ресейдің Ульянов секілді ортаңқол облысының 2-ші хатшысы, В.Колбиннің «сайлануы» болды. Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек-легімен ағылған студенттер мен жұмысшы жастар бейбіт шеруге шығу арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізілмей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты.
Сол кездегі КСРО ОК Бас хатысы М.С.Горбачевтың «Қайта құру», «жариялылық» секілді бағытарына сеніп демократиялық жолмен алаңға шыққан жастар Орталықтан ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Бірақ 17-18 желтоқсандағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға айналды. Оларға «Ұлтшыл, маскүнем», «нашақор» деген кінә тағылды.
Манаш Қозыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін сырлы құбылыс деп бағаласа, ҚР тұңғыш президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деп бағалаған.
Әрбір елдің тәуелсіздік алған күні - есте қалар ерекше сәті екені сөзсіз. Біздің елімізде қаншама жастың қанатын қиған, ата - бабаларымыздың арманы орындалған ерекше күн – тәуелсіздік күні 16 желтоқсан. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толып, еліміз айтулы мерекені атап өтуде.
Тарихты адамдар жасайды, одан тағылым алу да адамдар үшін керек. Желтоқсан қазақ тарихының шерлі де қасиетті беттерінің бірі болып мәңгілікке қала бермек. Тек, орынды болса бір сәрі, орынсыз медаль таратып, мемлекеттік наградаладың құнын түсірмесек екен...