«Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойыны әлемнің көптеген
қалаларында танымал, жанкүйерлері жетіп артылады. Қарағанды қаласында да
аталмыш сайыс кенже қалмаған. Кеншілер шаһарында зияткерлік жарыс жүйелі түрде өткізіліп
келеді. Бұл жолы колледж студенттері мен «Жігер» жастар қозғалысының мүшелері
білімдерін сынға салды. Шараны Қарағанды облысының білім басқармасы ұйымдастырды.
Алексей Литвинас, «Что? Где? Когда?» Қарағанды зияткерлік клубының жетекшісі:
Бүгін бізде колледждер арасындағы турнир. 35
команда жиналды. Бұл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Өте қуаныштымыз. Жарыс
«Жігер» жастар қозғалысының бастамасымен жүзеге асуда. Үміткерлердің арасында
зияткерлік ойынға алғаш қатысып отырғандар да бар. Олар одан әрі жарысқа
белсене қатысады деген үміттеміз.
Ойыншылар
үшін дайындалған сұрақтар әр түрлі саланы қамтыды. Сұрақтарды құрастырушылар
гуманитарлы немесе техникалық бағыттардағы пәндердің біріне басымдылық бермеуге
тырысқан. Сол себепті де қойылған зияткерлік тапсырмалар сан алуан. Бұдан бөлек
қатысушыларға Қазақстан мен Қарағанды қаласының тарихына қатысты білетіндерін
еске түсіруге де тура келді.
Саят Балмақаев, «Сарыарқа дарыны» АҒПО қосымша
білім беру бөлімінің жетекшісі:
Жыл сайын аталмыш жарыстар талантты, шығармашыл ұжымдарды
анықтау мақсатында ұйымдастыралды. «Жігер» облыстық жастар қозғалысы талантты
жастарды анықтап, олардың қабілеттерін одан әрі шыңдауға жағдай жасайды. Мұндай
ойындар олардың дамуына да ықпал етеді.
Чемпионаттың
бас жүлдесі«Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынының айнымас белгісіне айналған үкі
статуэткасы болды. Аталмыш жүлдеге Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі қол
жеткізді. Екінші орынды теміржол колледжі иеленсе, үздік үштікті шет тілдер
колледжі қорытындылап тұр. «Үздік білгір» атағын Алена Ручкина иеленді. Барлық
жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.