Авторизация все шаблоны для dle на сайте newtemplates.ru скачать
Общественное
Интернет-телевидение
101tv.kz
 

ЕРКІНДІКТЕН ШЫҚҚАН ДЕРТ «СІБІР ЖАРАСЫ» МА?

 

ЕРКІНДІКТЕН ШЫҚҚАН ДЕРТ «СІБІР ЖАРАСЫ» МА?

 
 
 Бүгін Қарағанды қаласындағы баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатына Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ш.Мамалинов, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы М.Мұхтаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаев, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Қалмағанбетов және облыстық ветерания басқармасының басшысы С.Мусин қатысып, Шет ауданындағы Еркіндік ауылындағы төтенше жағдайға толықтай шолу жасап, журналистер сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Ағымдағы жылдың 18 маусымында Қарағанды облысының Шет ауданындағы Өспен селолық округіне қарасты Еркіндік ауылының сойылған малдың етін сатып алған тұрғындары қолдарының терілері зақымданған белгісімен Ақадыр поселкелік емханасына барады. Медициналық мекемеде  оларға алдын ала «сібір жарасы» диагнозы қойылып, ертеңінде, яғни 19 маусым күні олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына «сібір жарасы, терілік форма» алдын ала диагнозымен жатқызылған.

Эпизоотикалық тексеріс барысында сойылған малдың етінен сынақ алынып, 20 маусым күні «Республикалық ветеринария зертханасының» Қарағанды облыстық филиалына және 21 маусым күні «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталыққа» жіберілген.

«Республикалық ветеринария зертханасының» Қарағанды облыстық филиалының 2016 жылғы 21 маусымындағы сынақ хаттамасына сәйкес, сойылған малға «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Дегенмен мұны Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталықтың мамандары әзірге  растаған жоқ. Қазіргі уақытта бұл іске білікті деген мамандар жұмылдырылып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі күнде жергілікті атқарушы органдардың, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аймақтық инспекциясының, Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері құрамына енген арнайы штаб құрылып, оқиға болған жерде тиісті жұмыстарды атқару үстінде.  

«Қазіргі таңда Еркіндік елді мекенінде «Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың»  күшімен дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап өтетін жайт, аталған елді мекенде жануарлардың аса қауіпті ауруларына, соның ішінде сібір жарасына қарсы ветеринарлық-алдын алу шаралары жоспарына сәйкес, үстіміздегі жылдың наурыз айында барлық мал (3860 бас) егілген болатын. Қазіргі уақытта Еркіндік елді мекенінде шектеу қойылып, аудан әкімінің өкімімен төтенше жағдай жаряланған», – деді Ш.Мамалинов.

Жалпы бүгінгі күнде күдікті дертке шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған 62 адам анықталды. Олардың арасында 21 бала бар. Қазіргі уақытта бұл адамдардың барлығы жергілікті жерде дәрігер-мамандардың толықтай бақылауына алынған. Ал облыстық инфекциялық аурухананың оқшауландырылған палаталарында 6 адам емделіп жатыр.  

Ал осы оқиғаға қатысты қайтыс болған екі адамды жерлеу бойынша мәселе шешілу үстінде. Заң бойынша, мұндай жағдайда қайтыс болған жандарды жер қойнына беру санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ерекше тәртіп бойынша іске асырылатын көрінеді. Бұл турасында марқұмдардың туған-туыстарына ескертілген және олардың келісімдері де алыныпты.

Әзірге мамандар бұл дерттің қайдан келгенін тап басып айта алмай отыр. Болжам деген көп. Ауру жер асты суымен келуі мүмкін, ауру малдардың өлекселерін көмген мал қорымынан шығуы да ғажап емес. Неге десеңіз, мамандардың айтуынша, сібір жарасы ауруының уыты 100 жылға дейін сақталатын көрінеді. Жалпы, дәл осындай жағдай Өспен ауылдық округінде 1965 жылы болыпты. Ол кезде ауру мал өртеліп, сол маңдағы мал қорымына көмілген екен. Ал облыс бойынша 1988 жылы Ұлытау ауданында тура осындай оқиға орын алыпты.

Шеттегі төтенше жағдайдың барлық анық-қанығы, сұрақтар мен болжамдардың нақты және ресми жауабы алдымыздағы бейсенбі немесе жұма күндері белгілі болмақ.

 
скачать dle 10.5фильмы бесплатно
Оставить комментарий
Яндекс.Метрика